Түркі әлеміне есімі мәшһүр болып, қайта өрлеу дәуірінің аса көрнекті ақыны, данышпан-ойшылы Жүсіп Баласағұн өнегелі ой-толғамдарын өзінің «Құтадғу білік» атты дастанында өрнектеп кеткен. «Құтты білік» дастанының төрт принципке негізделіп жазылғаны белгілі. Біріншісі – мемлекетті әділ басқару; екіншісі – бақ-дәулеттің елге құт болып даруын Айтолды бейнесі арқылы суреттеуі, үшіншісі – Өгдүлміш бейнесі арқылы берілетін ақыл-парасат, төртіншісі – қанағат-ынсап жайында. Бүгінгі біздің сөз еткелі отырған мәселеміз – ақынның замана құбылыстары, оның кейпі турасында айтқан ой-толғамдарының кейінгі ақындармен, яғни ХІХ-ХХ ғасырдың басындағы қазақ ақындарының поэзиясының негізгі идеяларымен ұштасатынын ашып көрсету. «Ақын өзінің «Құтты білік» дастанын сөз түсінбес парықсыздарға емес, сөз қадірін білетін ақылды жандарға арнап жазғанын оқырманға қайта-қайта ескертіп отырады» /1.209/. Ақын шығармасында замана бейнесі «Заманның озғаны, достардың жапасы туралы» деген тарауда анық та ашық түрде беріледі: Сұмдар қалды, қайдан шындық табайын /2.586/, - деген ақын мұңы қай ғасырда да халық мұңы болып қала берді. Өйткені өмір бар жерде әлеуметтік қайшылықтар бар, әлеумет бойындағы міндер бар. Бұндай келеңсіздіктен халық үлкен өркениетке жеткенде ғана құтыла алады, оған дейін әр заман ойшылы, әр кезең ақыны сол кемшіліктерді айтуы, кесапатты қылықтардың қандай екендігіне халықтың көзін жеткізуді заңды құбылыс, сондықтан да бұл тақырып кейінгі қазақ поэзиясында өз дәстүрлі жалғасын тапқан тақырып. Мұндай замана келеңсіздіктері Ж.Баласағұн мен ХІХ-ХХ ғасыр ақындары шығармашылығында бірдей көрініс беріп отыратындығынан да себебі осыдан. Қазақ әдебиетінің тарихында ХІХ және ХХ ғасыр – халық басынан өткен қайғылы оқиғалардың өрбіп, олардың бет-бейнесі әдебиетте көрініс тауып, тарихи кезеңнің шындықпен бейнеленуі. Х.Сүйіншәлиев ХІХ ғасыр әдебиеті өкілдері турасында: «Ақын атаулы халық қайғысына үн қосып, әлеуметтік шындықты тайға таңба басқандай бейнелеп, ерлік күрес шежірелерін жазды» /3.3/, - деп көрсетеді. Сондықтан осы дәуірде азаттық рухты аңсап, ерлікке үндеген күресшіл поэзия өмірге келді. ХІХ ғасырдың І жартысында өмір сүрген «зар заман ақындары» елде отаршылдық саясат орнап, әлеуметтік-қоғамдық қатынастардың, моральдық-этикалық нормалардың бұзылып, елдің күйзеліске ұшырағанына көкірегі қарс айырылып, сол заманға көңілі толмады. М.Әуезовше айтсақ: «...Қалың елге жаңа өріс, жаңа жайылыс табамыз деген ниеттер туған соң, бұл елдің әдебиетінде ең алғашқы бағыт, мақсат деген нәрселер туды. Жақсылыққа бастасын, қайда тартса да, әйтеуір өз халқының халіне қанағаттанбай, жаңалықты іздеп, «бастаймын», «түзеймін», «қазіргі күйге қанағаттанбаймын» деген күй беріліп, алғашқы рет тұтасқан ой құралып, әдебиет жүзінде елдің әлеуметтік тіршілігі сөз бола бастаған соң, жазба әдебиет дәуірі туа бастады деп есептеу керек» /6.192/. Ғасыр басындағы ақындардың бірі – Жанақ Сағындықұлы Рүстем төреге өзінің ащы да улы жырларымен шындықты жасырмай, төренің отаршыл патшаның әбден басынып, орданы өртеп, орнына дуан салып жатқанын бетіне шоқтай басып, «мықты болсаң қанекей бермеші ырық» /3.11/ деп тіке айтады: